Шымкентте сыртқы жарнаманы орналастыру төлемақысының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру мәселесі талқыланды

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін төленетін ай сайынғы базалық төлемақы мөлшерлемелерін арттыруды көздейтін мәслихат шешімі жобасын талқылауға арналды.
Отырысқа Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева бұл мәселенің Палата алаңында алғаш рет қаралып отырмағанын атап өтті.
«Бастапқыда жоба қаланың басым бөлігінде сыртқы жарнаманы орналастыруға арналған базалық мөлшерлемелерді бірден 200 пайызға арттыруды көздеген болатын. Алайда кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстары мен ескертулері ескеріліп, жоба қосымша пысықтауға жіберілді. Осы жұмыстың жалғасы ретінде 2026 жылғы 26 маусымда Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және кәсіпкерлердің қатысуымен жұмыс кеңесін ұйымдастырды. Онда мөлшерлемелерді 100 пайызға арттыруды қарастыратын жаңартылған нормативтік құқықтық актінің жобасы талқыланды. Кәсіпкерлер мұндай өсімнің өзі жарнама ұйымдары мен жарнама берушілердің қаржылық жүктемесін арттырып, сыртқы жарнама қызметтерінің қымбаттауына, оның шағын және орта бизнес үшін қолжетімділігінің төмендеуіне, инвестициялық белсенділіктің азаюына және бәсекелестік ортаға кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты», – деді Майя Исаева.
Талқылау барысында кәсіпкерлер қолданыстағы мөлшерлемелерді сақтап қалуды немесе оларды кезең-кезеңімен арттыру тетігін қарастыруды ұсынды. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл бизнеске өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беріп, қаржылық жүктемені азайтады, жұмыс орындарын сақтауға және сыртқы жарнама нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар кәсіпкерлер қауымдастығы экономикалық тұрғыдан негізделген әрі теңгерімді шешім қабылдау үшін жобаға қатысты қосымша талқылауды мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен өткізуді ұсынды.
Ортақ жұмыстың нәтижесінде жоба әзірлеушісі мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен арттыруды көздейтін жаңа редакцияны әзірледі.
Отырыс барысында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Исламбек Төлебаев бастаманы іске асырудың ымыралы тетігін ұсынды. Атап айтқанда, ол бастапқы кезеңде мөлшерлемелерді 50 пайызға арттыруды ұсынып, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 655-бабы мұндай кезең-кезеңімен өсіруге мүмкіндік беретінін айтты.
Депутаттың пікірінше, бұл тәсіл сыртқы жарнама нарығына енгізілетін өзгерістердің нақты әсерін, саланың экономикалық жағдайын және кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда кейінгі шешімдерге тиісті түзетулер енгізуге де жол ашады.
Отырысты қорытындылай келе, Кеңес мәслихат шешімі жобасын жетілдіру барысында кәсіпкерлер қауымдастығының пікірін ескерудің оң тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарына әсер ететін мәселелерді қарау кезінде жергілікті атқарушы органдар, депутаттық корпус және бизнес қауымдастығы арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығы айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша Кеңес Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер қауымдастығының барлық ұсыныстарын ескере отырып, мәслихат шешімі жобасының жаңа редакциясына сараптамалық қорытынды дайындауды ұсынды.
Сонымен қатар Кеңес мынадай ұсынымдарды қабылдады:
- Кәсіпкерлер палатасының ақпаратын назарға алу;
- жоба әзірлеу барысында кәсіпкерлер пікірінің ескерілу тәжірибесін оң бағалау;
- мемлекеттік органдар, депутаттар және бизнес арасындағы конструктивті диалогты жалғастыру;
- жоба әзірлеушісіне экономикалық негізділік, реттеудің теңгерімділігі және болжамдылығы қағидаттарын сақтауды, сондай-ақ шағын және орта бизнеске ықпалын ескеруді ұсыну;
- құқық қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізуді жалғастыру;
- кәсіпкерлер қауымдастығының базалық мөлшерлемелерді арттырудың орынсыздығы жөніндегі ұстанымын және отырыста айтылған ұсыныстарды қамтитын сараптамалық қорытынды әзірлеу;
- Шымкент қаласы мәслихатына шешім қабылдау кезінде кәсіпкерлер қауымдастығының пікірін ескеріп, базалық мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін, оның ішінде бастапқы кезеңде 50 пайызға көтеру және кейіннен қабылданған шешімнің салаға әсеріне талдау жүргізу мәселесін қарастыру.
Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, құжатты жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да экономикалық негізділік, реттеудің теңгерімділігі және шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдайларды сақтау қағидаттары негізінде жалғасады.